Ләззат Ибрагимова «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрайымы болып тағайындалды
Бүгін «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы Холдингі» АҚ басқарма төрағасы Ерболат Досаев «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ ұжымына («Бәйтерек» Холдингінің еншілес ұйымы) жаңа басшыны таныстырды. Банктың басшылығына Директорлар кеңесінің мүшесі, 2016 жылдың 3-ақпанынан бастап «Бәйтерек» Холдингі басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған Ләззат Ибрагимова тағайындалды.
Жаңа басшыны таныстыра отырып, Ерболат Досаев Ләззат Ибрагимованың «Бәйтерек» Холдингі құрылымы аясында жеткен жетістіктері мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін жаңа деңгейге көтеруге септесетін кәсіби біліктілігі мен жеке қасиеттерін атап өтті.
Ләззат Ибрагимова Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйел істері және отбасылық-демографиялық саясат бойынша Ұлттық комиссия мүшесі. 2016 жылы «Құрмет» ордені және Еуропалық қайта құру және даму банкінің гендерлік тендік бойынша наградасымен марапатталды.
22 жылдық жұмыс өтілінің басым бөлігін шағын және орта бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың тиімділігі мәселелеріне арнаған. Гумилев атындағы Еуразия гуманитарлық университетінің оқытушылығынан бастап «Бәйтерек» Холдингіне кіретін және басқа да ірі даму институттарының басшылығына дейін қызмет атқарды.
Түрлі жылдары БҰҰ Даму бағдарламасы жобасының экономикалық даму бойынша ұлттық сарапшысы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының сараптау мен даму стратегиясы, оқыту мен консалтинг, корпоративті даму департаменттерінің басшысы, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ арнайы бағдарламалар департаментінің бас менеджері қызметтерін атқарды. 2011 жылдан бері «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрайымы лауазымында жұмыс істеді.
Тұрмыс құрған, 3 баланың анасы.
«Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы Холдингінің еншілес ұйымы. Холдингтің құрылу мақсаты экономиканы дамыту мен диверсификацияландыру, еншілес ұйымдарды корпоративті басқару болып табылады. Өз кезегінде, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мемлекеттің жаңа «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында халықты баспанамен қамтамасыз ететін негізгі институт болмақ.